Әлем

Балиде су тасқыны: Көшеде 5 метрлік жыландар жүр

Индонезияның курортты Бали аралында үш күнге созылған нөсер жауыннан кейін болған су тасқыны салдарынан көшелерді ірі жыландар жайлады. Жергілікті тұрғындар мен туристер олардың видеоларын әлеуметтік желілерде жаппай жариялауда,– деп хабарлайды brifinq.kz

Бали аралында ірі жыландардың бірнеше түрі кездеседі. Соның ішінде ең танымалы — әлемдегі ең ұзын жылан ретінде рекорд иеленген әрі тамаша жүзгіш саналатын торлы питон. Қатты су тасқыны кезінде торлы питондар табиғи мекендерін тастап, амалсыздан елді мекендерге қарай ығысады.

Жыландардың пайда болғаны туралы көптеген хабарламаларға қарамастан, Индонезия билігі әзірге ешкім зардап шекпегенін мәлімдеді. Ресми тұлғалар тұрғындар мен туристерді бауырымен жорғалаушылармен өз бетінше әрекеттеспеуге және дереу құтқару қызметтерін шақыруға үндеді.

Қазіргі уақытта Бали аралында қарашадан наурызға дейін созылатын жаңбырлы маусымның шарықтау кезеңі өтіп жатыр. Бұл кезең тропикалық нөсерлермен, жоғары ылғалдылықпен және ойпаң аймақтардың жиі су басуымен сипатталады.

Бали табиғи ресурстарды қорғау басқармасы арал тұрғындарын екі күн бұрын-ақ көшелерде жыландармен бетпе-бет келу қаупі бар екенін ескерткен. Мамандардың айтуынша, тасқын су өзен арналары, күріш алқаптары мен дренаждық каналдарды — торлы питондардың негізгі мекендерін — басып қалған.

BMKG (Индонезияның метеорология, климатология және геофизика агенттігі) аралдың басты туристік орталықтарына ескерту жариялады. Олардың қатарында Кута, Легиан, Джимбаран, Семиньяк, Улувату, Нуса-Дуа, Санур, Чангу және Убуд бар.

Билік өкілдері жергілікті тұрғындар мен туристерді қауіпсіздік мақсатында су басқан көшелерде жаяу жүруден және көлікпен қатынаудан бас тартуға шақыруда.