Қырғызстанда Ош қаласының тағы бір вице-мэрі қызметінен кетті
Оңтүстік Кореяда сот елдің бұрынғы қорғаныс министрі Ким Ён Хенді бүлікке қатысқаны үшін 30 жылға бас бостандығынан айырды,- деп хабарлайды brifinq.kz
«Айыпталушы Ким Ён Хен 30 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылады», — деп шешім шығарды сот.
Сот оны 2024 жылдың желтоқсанында елдің бұрынғы президенті Юн Сок Ёль енгізген әскери жағдайға байланысты бүлікке қатысқаны үшін кінәлі деп таныды.
Әскери жағдай жарияланғаннан кейін қорғаныс министрі қалыптасқан жағдайға жауапты екенін мәлімдеген.
Бұған дейін Оңтүстік Кореяның экс-президенті Юн Сок Ёль қамауға алуға кедергі келтіргені үшін бес жылға сотталғаны хабарланған болатын.
Еске салайық, 2024 жылғы 4 желтоқсанға қараған түні Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёль «солтүстіккореяшыл күштерді тазарту және либералдық конституциялық құрылысты сақтау» мақсатында елде әскери жағдай енгізілетінін жариялады.
Ұлттық жиналыс ғимаратына армияның арнайы жасақтары жіберілді. Ол ғимаратқа кіретін жолдарды бұғаттауға тырысқанымен, көптеген депутат парламентке алдын ала кіріп үлгерді. Олардың жақтастары әскерилердің ішке өтуіне жол бермеді. Нәтижесінде заң шығарушылар 300 депутаттың 190-ының дауысымен бірауыздан президенттен әскери жағдайды жоюды талап ететін қарар қабылдады.
Кейін Оңтүстік Корея басшысы елде әскери жағдай енгізгені үшін кешірім сұрап, оны қайта енгізбейтінін және саяси әрі заңдық жауапкершіліктен жалтармайтынын мәлімдеді.
Оңтүстіккореялық оппозиция президентке, қорғаныс министрі Ким Ён Хенге, ішкі істер және қауіпсіздік министрі Ли Сан Минге, сондай-ақ оқиғаға қатысы бар әскери және полиция өкілдеріне мемлекеттік төңкеріс жасады деген айып тақты. 14 желтоқсанда Оңтүстік Корея парламенті президент Юн Сок Ёльге импичмент жариялауды қолдады.