Қар мен боран: Төрт облыста көлік қозғалысына шектеу енгізілді
Қолайсыз ауа райының нашарлауына байланысты Қазақстанның төрт өңірінде республикалық маңызы бар автожолдардың жекелеген учаскелерінде барлық көлік түрлері үшін қозғалысқа шектеу енгізілді, деп хабарлайды brifing.kz
Ұлттық компанияның мәліметінше, шектеулер 2026 жылғы 15 ақпанда сағат 10:00-ден бастап күшіне енді.
• Қызылорда облысында «РФ шекарасы – Мәртөк – Ақтөбе – Қарабұтақ – Қызылорда – Шымкент – Тараз – Қордай – Алматы – Қорғас – ҚХР шекарасы» автожолының Ақтөбе облысының шекарасынан Арал қаласына дейінгі аралығы (1240–1362 км) жабылды.
• Ақтөбе облысында осы бағытта қозғалыс Ырғыз кентінен Қызылорда облысының шекарасына дейінгі учаскеде (1153–1240 км) шектелді. Аталған учаскелерді ашудың болжамды уақыты – 15 ақпан сағат 20:00.
• Алматы облысында сағат 10:30-дан бастап аталған трассаның Жаңақұрылыс ауылынан Жамбыл облысының шекарасына дейінгі бөлігі (59–143 км) жабылды.
• Жамбыл облысында шектеулер Алматы облысының шекарасынан Қордай ауылына дейінгі аралықта (143–214 км), сондай-ақ «Қордай асуының жаңа айналма жолы» учаскесінде – Кенен ауылынан Қайнар ауылына дейін (159–238 км) енгізілді.
Алдын ала мәлімет бойынша, бұл учаскелерде қозғалысты 15 ақпанда сағат 13:00-де ашу жоспарланып отыр.
Бұған дейін синоптиктер 15 ақпанда өңірлерге қар, жаңбыр және боран болатынын хабарлаған еді. Сонымен қатар желдің күшеюі, көктайғақ пен тұман туралы ескерту жасалды.