Өтінімдерді Ұлттық тестілеу орталығының ресми сайтында app.testcenter.kz немесе UTO қосымшасы арқылы беруге болады. Өзіндік тестілеу 1 наурыз бен 6 сәуір аралығында өтеді.
Наурыздағы ҰБТ-ға келесі категориядағы тұлғалар қатыса алады:
• күндізгі оқу формасы бойынша ақылы негізде жоғары оқу орнына қабылданғандар;
• өткен жылдардың мектеп және колледж түлектері;
• Қазақстан Республикасының азаматтығы жоқ, бірақ қазақ ұлты өкілдері;
• шетелде білім алған ҚР азаматтары;
• ақылы негізде жоғары оқу орнына түсуге ниет білдірген мектептің соңғы сынып оқушылары.
Өтінім беру кезінде қатысушылар тестілеу орны, күні және уақытын өздері таңдай алады.
2026 жылы ҰБТ форматы өзгеріссіз қалады. ҰБТ құрылымы бұрынғыдай: талапкерлер үш міндетті пән және өз таңдауы бойынша екі профильдік пәннен тапсырады. Жалпы тапсырмалар саны өзгермей 120 құрайды. Олардың ішінде:
• «Қазақстан тарихы» пәнінен 20 тапсырма,
• «Оқу сауаттылығы» және «Математикалық сауаттылық» пәндерінен әрқайсысынан 10 тапсырма,
• екі профильдік пәннен әрқайсысынан 40 тапсырма.
ҰБТ-дан ең жоғары жинай алатын балл 140 болып қала береді.
Сонымен қатар, биыл ҰТО EDUNAVIGATOR.KZ профориентациялық платформасын іске қосты. Бұл платформа талапкерлерге өзіне сәйкес мамандықты таңдауға көмектеседі және жоғары оқу орнына түсу кезінде сенімділікті арттырады.
ҰБТ-ға дайындық сапасын арттыру мақсатында сынақ тестілері де іске қосылды.
Оқу жылының басында Ұлттық тестілеу орталығының ресми сайтында талапкерлерге арналған қосымша материалдар жарияланды:
• «Қазақстан тарихы» және «Әлем тарихы» пәндері бойынша 100 негізгі тарихи дата тізімі,
• «Информатика» пәні бойынша терминдер тізімі,
• «Қазақ әдебиеті» және «Орыс әдебиеті» пәндері бойынша міндетті әдеби шығармалар тізімі.
Сонымен қатар, барлық талапкерлер үшін тестілеу барысында калькулятор, химиялық элементтердің периодтық жүйесі және тұздардың еру кестесіне қолжетімділік қарастырылған, бұл ҰБТ-ны тиімді әрі ыңғайлы өткізуге мүмкіндік береді.
Тестілеу уақыты – 4 сағат (240 минут). Арнайы білім қажеттіліктері бар балалар үшін қосымша 40 минут беріледі.
Естеріңізге салайық, 2026 жылғы қаңтардағы ҰБТ-ны шамамен 184 мың адам тапсырды. Талапкерлердің 75%-ы қазақ тілінде, 25%-ы орыс тілінде және 113 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті. 68% талапкер шекті балл жинады. Бес пән бойынша орташа балл – 64. Ең жоғары нәтиже – 138 балл.